Жамбыл облысы, Сарысу ауданы — Жаңатас қаласында халық көп жиналатын жерлерде интернет-алаяқтықтың және есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шара Сарысу аудандық полиция бөлімі, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Акция аясында арнайы дайындалған ақпараттық буклеттер мен парақшалар қала базарлары, сауда орталықтары, қоғамдық көлік аялдамалары және спорт алаңшалары сияқты адамдар көп шоғырланатын жерлерде тұрғындарға таратылды. Сондай-ақ аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары да ақпараттық материалдармен қамтылды.
Таратылған материалдарда интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері — телефон және SMS арқылы алдау, банк карточкасының деректерін сұрау, жалған сілтемелер мен қоңыраулар арқылы ақша аудартуға көндіру сынды схемалар туралы түсінік берілді. Сонымен қатар есірткі затарын таратудың құқықтық салдары және мұндай әрекеттерге тартылған жағдайда хабарлау тәртібі жайлы ақпарат қамтылды.
Ұйымдастырушылар акцияның басты мақсаты — тұрғындардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың, заманауи алаяқтық схемалары мен есірткі қылмысының қаупі туралы хабардарлығын арттыру екенін атап өтті.
Полиция бөлімі тарапынан күдікті жағдай туындаған кезде дереу тиісті органдарға хабарласу қажеттігі ерекше атап көрсетілді.
Мұндай ақпараттық-профилактикалық жұмыстар Сарысу ауданы бойынша жоспарлы негізде жалғасатын болады.


