Жаңалықтар

Қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақ

“Қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақ” тақырыбындағы Ашылу форумы өтті

2026 жылғы 6 мамыр күні Жаңатас қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жас буынның азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында “Қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақ” тақырыбында Ашылу форумы өтті. Аталған іс-шара жастар арасында өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық жауапкершілікті күшейту бағытында ұйымдастырылды.

Форумның ұйымдастырушысы – «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі. Ал тапсырыс беруші ретінде «Жамбыл облысы Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мекемесі қолдау көрсетті. Іс-шараға аудан жастары, белсенді еріктілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында қауіпсіз қоғам құру идеясын насихаттау, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, зорлық-зомбылықтың және басқа да келеңсіз әрекеттердің алдын алу мәселелерін талқылау болды. Сонымен қатар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, қоғамдық белсенділікті арттыру және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселелері кеңінен қозғалды.

Іс-шараның жүргізушісі, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті А.Намелбек форумның маңыздылығына тоқталып, қазіргі қоғамдағы жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде жастардың ел болашағы екенін айтып, олардың білімді, саналы әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы мемлекет дамуының негізгі кепілі екенін жеткізді.

Форум барысында арнайы шақырылған қонақтар жастармен еркін форматта пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастан сөз сөйлеп, азаматтық қоғам институттарының жастар тәрбиесіндегі орны мен маңызын атап өтті. Ол жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы қоғамның дамуына оң әсер ететінін айтып, әрбір жас ел болашағына бейжай қарамауы қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар форум қонағы, “Sunqar” волонтерлық қозғалысының негізін қалаушы, кіші гранттар жеңімпазы, жастар көшбасшысы Еркін Әбдиев жастарға мотивациялық бағыттағы ой-пікірлерін айтып, еріктілік қызметтің қоғам үшін маңызын түсіндірді. Ол волонтерлік қызметтің жастарды жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және мейірімділікке тәрбиелейтінін атап өтті. Сондай-ақ жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуға шақырып, қазіргі таңда жастардың жаңа идеялар мен бастамалар арқылы қоғам дамуына үлкен үлес қоса алатынын айтты.

Форум аясында қатысушылар арасында пікірталас алаңы ұйымдастырылып, жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Қоғамдағы қауіпсіздік мәселесі, интернеттегі қауіпсіздік, буллингтің алдын алу, құқықтық мәдениет және жастар арасындағы өзара сыйластық тақырыптары кеңінен талқыланды. Қатысушылар мұндай кездесулердің жастарға бағыт-бағдар беруде және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар форумның алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, жастармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар екенін жеткізді. “Қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақ” форумы жастардың қоғамдағы жауапкершілігін арттыруға, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға және белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңдардың бірі болды.

 

Ұқсас жазбалар

«АИТВ-дан не білеміз» атты дөңгелек үстел өтті

«Жамбыл облыстық медиаторлар форумы 2025» өткізілді

Мемлекеттік емес грант жеңімпазы анықталды