Жаңалықтар

Бір шаңырақ астында – бірлік мерекесі

Фото: e-history.kz

Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырған, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі. Бір аспан астында, бір шаңырақтың аясында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің ынтымағы – еліміздің ең басты байлығы әрі берік іргетасы. Сан түрлі мәдениеттердің өзара үндесуі, салт-дәстүрлердің құрметтелуі және ортақ құндылықтардың дәріптелуі қоғамымызды тұрақтандырып, болашаққа деген сенімді нығайта түсуде.

Осы орайда, көне Тараз топырағында жастардың тарихи санасын оятуға, ұлтаралық татулықты бекемдеуге және отбасылық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар тізбегі өтті. «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімийің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылған бұл жобалардың операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы болды. Әрбір шара қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызын паш ететін ерекше алаңға айналды.

Интеллектуалды жастар – ел болашағы: «Қала тарихын бірге ашайық» викторинасы

Тарихты білмей, болашақты бағамдау мүмкін емес. Бойында патриоттық сезімі ұялаған, туған өлкесінің өткеніне бейжай қарамайтын зияткер ұрпақ қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта 2026 жылғы 22 мамыр күні Тараз қаласында жастар арасында «Қала тарихын бірге ашайық» атты Kahoot интеллектуалдық викторинасы ұйымдастырылып өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи танымын кеңейту, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту болды.

Викторина барысында қатысушылар заманауи Kahoot платформасы арқылы арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беріп, Тараз қаласының тарихы, мәдени мұрасы, тарихи ескерткіштері мен көрнекті орындары туралы білімдерін сынады. Қатысушылар сұрақтарға белгіленген уақыт ішінде жауап беріп, дұрыс әрі жылдам жауап беру арқылы ұпай жинады. Цифрлық технология мен тарихтың тоғысуы жастардың белсенділігін одан әрі қамшылай түсті.

Іс-шараға қатысқан жастар жоғары белсенділік танытып, тарихи білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Викторина барысында қатысушылар арасында еркін пікір алмасу, өзара қолдау және достық атмосферасы қалыптасты. Сонымен қатар жастар туған өлкенің тарихын тереңірек танып, мәдени мұраға деген құрметтерін көрсетті.

Шара тек білім сайысы ретінде ғана емес, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды. Қатысушылар ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды тану арқылы өзара жақындасып, қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызын тағы бір мәрте сезінді.

Викторина қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға және мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды бастама ретінде өз мақсатына толық жетті. Қатысушылар мен қонақтар тарапынан шара жоғары бағаланып, осындай зияткерлік әрі танымдық жобаларды алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

«Достық дастарханы»: Дәм тоғысқан, көңіл табысқан алаң

Ұлттық асхана – әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінің, мінезінің және тұрмыс-салтының айнасы. Дәмді бөлісу, дастархандас болу – ежелден жақындықтың, сыйластықтың белгісі. 2026 жылғы 28 мамыр күніТараз қаласында этнос өкілдері арасында ұйымдастырылған «Достық дастарханы» атты аспаздар сайысы осы идеяның шынайы көрінісі болды.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – түрлі этностардың ұлттық асхана мәдениетін насихаттау, жастар арасында достық, татулық және өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ ұлттар арасындағы мәдени байланысты нығайту болып табылады. Сайысқа қазақ, өзбек, түрік, орыс, жапон, украин және дүнген ұлттарының өкілдері қатысып, өз халықтарының ұлттық тағамдарын таныстырды:

  • Қазақ ұлтының өкілдері: Ұлттық дастарханның басты тағамдарының бірі саналатын бесбармақ, бауырсақ, қазы-қарта және ұлттық сусындарды таныстырып, қазақ халқының қонақжайлығы мен дастархан мәдениеті туралы кеңінен әңгімеледі.
  • Өзбек ұлтының өкілдері: Өздерінің ұлттық тағамы – палауды дайындап, оның ерекшеліктері мен дайындалу тәсілдерін таныстырды. Сонымен қатар самса, тандыр нан және шығыс асханасының өзге де танымал тағамдары ұсынылды.
  • Түрік ұлтының өкілдері: Дәстүрлі түрік тағамдарын ұсынып, түрік асханасының әлемдегі ең бай ұлттық асханалардың бірі екендігін көрсетті. Түрік бәліштері, тәтті тағамдары мен ұлттық шай рәсімдері ерекше назар аудартты.
  • Орыс ұлтының өкілдері: Борщ, бәліш және өзге де дәстүрлі тағамдарды таныстырып, орыс халқының отбасылық құндылықтары мен дастархан дәстүрлері жөнінде мағлұмат берді.
  • Жапон ұлтының өкілдері: Жапон асханасының ерекшеліктерін көрсетіп, суши мен роллдардың дайындалу әдістерін таныстырды. Тағам дайындаудағы ұқыптылық, эстетика және ұлттық философия кеңінен түсіндірілді.
  • Украин ұлтының өкілдері: Ұлттық борщ, вареник және өзге де дәстүрлі тағамдарын ұсынып, украин халқының мәдениеті мен ұлттық дәстүрлері жөнінде баяндады. Ұлттық киімдерімен ерекшеленіп, шығармашылық элементтерді қолданды.
  • Дүнген ұлтының өкілдері: Лагман, манты және ұлттық салат түрлерін ұсынып, дүнген халқының еңбекқорлығы мен аспаздық дәстүрлері туралы мәлімет берді.

Қазылар алқасы тағамдардың дәмдік сапасын, безендірілуін, ұлттық ерекшелігін, шығармашылық таныстырылымын және қатысушылардың дайындық деңгейін бағалады. Қызу тартыс пен дәмді бәсекенің қорытындысы келесідей болды:

Орын Жеңімпаз команда
І орын Өзбек ұлтының өкілдері
ІІ орын Қазақ ұлтының өкілдері
ІІІ орын Түрік ұлтының өкілдері

Сайыс қорытындысында жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара өз мақсатына толықтай жетіп, қатысушылар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мәдени әртүрлілікті насихаттауға және ұлттық асхана өнерін дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.

«Дәстүрлер үндестігі»: Отбасы – Отанның тірегі

Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі, салт-дәстүрдің алтын сандығы – отбасы. Мәдениетті сақтап, оны келесі ұрпаққа аманаттау да осы шағын мемлекеттен бастау алады. Осы қасиетті ұғымды ұлықтау мақсатында 2026 жылғы 29 мамыр күні Тараз қаласында «Дәстүрлер үндестігі» атты отбасылар фестивалі ұйымдастырылып өткізілді.

Фестивальдің негізгі мақсаты – түрлі этностардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын нығайту, жастар арасында ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді дәріптеу болды. Фестивальге қазақ, өзбек, әзірбайжан, орыс, түрік және дүнген ұлттарының отбасылары қатысып, өздерінің ұлттық мәдениеті мен рухани мұраларын кеңінен таныстырды:

  • Қазақ отбасы: Ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарын көрмеге қойып, домбыра аспабының тарихы мен халық ауыз әдебиеті туралы мағлұмат берді. Дастарханнан бауырсақ, қазы-қарта, құрт ұсынылып, қонақжайлық дәстүрі паш етілді.
  • Өзбек отбасы: Ұлттық шапан, тақия секілді киім үлгілерін көрсетіп, палау, samса және тандыр нан сияқты тағамдарын ұсынды. Өзбек әдебиеті мен халықтық дәстүрлері туралы баяндады.
  • Әзірбайжан отбасы: Музыкалық мәдениетке, ұлттық аспаптар мен халық әндеріне тоқталды. Дастарханға дәстүрлі пахлава, долма және ұлттық тәтті тағамдар қойылды.
  • Орыс отбасы: Мәдениеті мен тұрмыс-салтын, ұлттық әдебиет пен фольклордың маңыздылығын сахналық көрініс арқылы көрсетті. Дәстүрлі тағамдарының дайындалу тарихымен бөлісті.
  • Түрік отбасы: Ұлттық құндылықтардың сабақтастығылаар туралы мазмұнды баяндама жасап, ұлттық киім үлгілерін, әдебиеті мен шай мәдениетін таныстырды.
  • Дүнген отбасы: Өздерінің еңбекқорлыққа негізделген мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, отбасылық құндылықтарын таныстырып, лагман, манты секілді ұлттық ас түрлерін ұсынды.

Ұлттық киімдер көрмесі, дәстүрлі тағамдар көрмесі, әдеби және музыкалық мұраларды таныстыру фестивальдің мазмұнын байыта түсті. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік шыққан отбасылар анықталды:

Орын Жеңімпаз команда
І орын Түрік ұлтының өкілдері
ІІ орын Дүнген ұлтының өкілдері
ІІІ орын Орыс ұлтының өкілдері

Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар мен қонақтар бұл мәдени-танымдық жобаның жастар тәрбиесінде және қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызы ерекше екендігін бір ауыздан атап өтті.

«Этношеру»: Қала көшелеріндегі достық пен сұлулық салтанаты

Мәдениеттің ең жарқын, көз тартарлық бөлшегі – ол ұлттық киім. Тараз қаласында өткен ауқымды мерекелік шаралардың шоқтығы биік, көрнекі бөлімі ретінде «Этношеру» шығармашылық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Бұл бірегей шараның негізгі мақсаты – түрлі ұлт өкілдерінің өзіндік мәдениетін, киім үлгілерін тікелей халық арасында дәріптеу және қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды. Шеру барысында қаламыздағы түрлі этностардың өкілдері өздерінің ою-өрнекпен көмкерілген, ашық түсті, тарихи мәні бар ұлттық киімдерін киіп шықты.

Тараз қаласының халық ең көп шоғырланған орталық алаңдары мен мәдени демалыс орындарында бой түзеген бұл шеру нағыз достық пен ынтымақтың мекеніне айналды. Қазақтың сәукелесі мен шапаны, өзбектің атласы мен тақиясы, орыстың сарафаны мен кокошнигі, түрік пен дүнгеннің дәстүрлі белбеулері мен ерекше нақыштағы көйлектері қала көшелерін сан түрлі түске бояды.

«Этношеру» – бұл жай ғана киім үлгісін көрсету емес, бұл халықтар арасындағы шекарасыз сыйластықтың, бір аспан астындағы бейбіт өмірдің жанды бейнесі.

Қала тұрғындары мен қонақтары шеруге қатысушылармен естелік суреттерге түсіп, олардың мәдениетіне, киімдерінің шығу тарихына үлкен қызығушылық танытты. Достық атмосферасында, ән мен күйдің ырғағында өткен бұл шеру Тараз аспанын татулық нұрына бөлеп, қоғамдық келісімді бекемдеудің жаңа сипаттағы ерекше форматы екенін дәлелдеді.

Қорытынды

Көне Тараз топырағында мамыр айында ұйымдастырылған осы төрт ауқымды іс-шара – «Қала тарихын бірге ашайық» викторинасы, «Достық дастарханы» аспаздар сайысы, «Дәстүрлер үндестігі» отбасылар фестивалі және көздің жауын алған «Этношеру» – еліміздегі бірлік пен ынтымақтың берік екендігінің айқын дәлелі.

Аталған жобалар тек сайыс немесе мерекелік серуен ғана емес, Қазақстан халқының ортақ шаңырағын биіктете түсетін, жастардың бойында толеранттылық, отансүйгіштік және өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыратын маңызды рухани тірекке айналды. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болғай!

Ұқсас жазбалар

«Жамбыл облысының үздік әлеуметтік жобалары» конкурсының ЕРЕЖЕСІ

YouthUnion Redaktor

«Жамбыл облыстық медиаторлар форумы 2025» өткізілді

«Менің құқықтарым – менің міндетім»

YouthUnion Redaktor