Тараз төріндегі «Тараз-Арена» спорт сарайында Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты облыстық спартакиада мәресіне жетті. 2026 жылдың 12-13 мамыр күндері өткен бұл айтулы шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналып, ақсақалдардың спортқа деген құштарлығы мен қажыр-қайратын паш етті.
Аталған іс-шара грант аясында өткізіліп, ұйымдастырушылары – «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі және “Ардагерлер ұйымы” РҚБ Тараз қалалық филиалы. Жобаның тапсырыс берушісі – Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, операторы — “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
Екі күнге созылған дүбірлі додаға облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласынан 300-ге жуық ардагер қатысты. Жастары сексенді алқымдаса да, ширақ қимылдап, жастарға үлгі көрсеткен қариялар спорттың 9 түрінен бақ сынасты. Атап айтқанда: волейбол, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ және бильярд, дартс, ләңгі бойынша нағыз мықтылар анықталды.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте оқ бойы озық шығып Тараз қаласының құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Бүгін ардагерлер орталығында спортты серік еткен 75 облыстық және қалалық спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерлеріміз Тараз қалалық әкімдігінің Дипломдарымен, медальдарымен және сыйлықтармен марапатталды. Бұл жарыстың басты мақсаты қариялар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және Ұлы Жеңіс рухын ұлықтау! Спорттық шара соңында ақсақалдар ақ батасын берді.

