Құқықтық мемлекеттің берік іргетасы саналатын Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендірсе, медиация осы құқықтарды әділ әрі бейбіт жолмен қорғауға жол ашады
Осыған орай, 2025 жылғы 18 тамыз күні Жамбыл облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Салиева Жанбота Ғазизованың қатысуымен «Конституция және Медиация – бірлікке бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және медиация институтының қоғамдағы маңызын кеңінен түсіндіру. Қазіргі таңда дауларды шешудің баламалы тәсілдері, соның ішінде медиация, әлеуметтік татулықты сақтауға және дау-жанжалды өркениетті жолмен реттеуге зор ықпал етеді. Дөңгелек үстелде тараптардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, соттан тыс дауларды шешудің тиімді жолдары кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Салиева Жанбота сөз алып, еліміздің басты құжатының мәні мен маңызына тоқталды: «Биыл еліміз үшін ерекше күн – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өтудеміз. 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция тәуелсіз мемлекетіміздің берік іргетасына, халық бірлігінің символына және әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепіліне айналды. Отыз жыл бұрын біз демократиялық құндылықтарды, заң үстемдігін және құқықтық мемлекетті таңдадық. Негізгі Заң мемлекеттік билік жүйесін айқындап, Қазақстанның тәуелсіздігін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ ел дамуының стратегиялық бағыттарын бекітті. Осы жылдар ішінде Конституция уақыттың сын-қатерлеріне жауап бере отырып, өзінің өміршеңдігі мен икемділігін дәлелдеді. Жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар демократия институттарын нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге және адам құқықтарын қорғауға ықпал етті. Бүгін Конституцияның 30 жылдығын атап өтіп, біз өткеніміз туралы ғана емес, болашағымыз жайлы да ой қозғап отырмыз. Өйткені Негізгі Заң – маңызды құжат, оны біз өз істерімізбен, жауапкершілігімізбен және заңға құрметпен толықтырамыз. Конституция әрқашан мемлекетіміздің бейбітшілігінің, тұрақтылығы мен өркендеуінің сенімді кепілі болып қала берсін! Қазақстанның алдағы онжылдықтарда мықты, әділ әрі жаңа жетістіктерге ашық мемлекет болуы – бәрімізге байланысты. Мереке құтты болсын!» – деді ол.
Айта кетейік, дөңгелек үстел Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және медиациялық қызметтер орталығының жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік тапсырысы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды
