Жаңалықтар

«Jar-IQ» атты интеллектуалды ойын

«Жамбыл облысы Шу ауданы ішкі саясат» КММ нің бөлімінің
тапсырысы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының
Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Жамбыл облысы бойынша
ҚАЖД Шу аудандық ПҚБ» нің ұйымдастыруымен 11 шілде күні сағат
15:00-де Шу ауданы, «Аманат» партиясының ғимаратында «Jar-iq» атты
логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған білікті интеллектуалды
ойын өтті. Іс-шараға, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының
Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін
Қайырбекұлы, «Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД Шу аудандық ПҚБ»
бастығының м.а. әділет капитаны Булатбеков Марат Жаныбекұлы және
пробация тізіміндегі азаматтар қатысты.
Интеллектуалды ойынның негізгі мақсаты – аудандық пробация
қызметінде есепте тұрған азаматтардың білімге деген қызығушылығын
арттыру, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасау, өз-өзіне
сенімділігін нығайту және әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету
болып табылады.
Интеллектуалды ойын төрт кезеңнен тұрды және әр кезең
қатысушылардың әртүрлі қабілеттерін сынауға бағытталды. Бірінші кезең
«Викторина» деп аталды. Бұл бөлімде қатысушыларға қазақ әдебиеті мен
Қазақстан тарихына қатысты 6 сұрақ қойылып, әр сұраққа 4 жауап
нұсқасы ұсынылды. Бұл кезең жалпы білім мен тарихи-мәдени
сауаттылықты бағалауға арналды.
Екінші кезең —
«Медиа» деп аталды. Бұл кезеңде түрлі медиа
тапсырмалар ұсынылды: отандық кинотуындылардың минусовкалары
қойылып, қатысушылар сол фильмнің атауын табуы керек болды.
Сондай-ақ смайликтер арқылы жасырылған қазақша әндерді немесе
өлеңдерді табу тапсырмалары болды. Бұған қоса, белгілі бір фильмдердің
үзінділері көрсетіліп, оның атауын анықтау қажет еді. Отандық
фильмдердің саундтректері қойылып, олардың қай фильмге тиесілі екенін
табу да осы бөлімге кірді. Сонымен қатар, қатысушылар отандық танымал
персонаждарды сипаттамасына қарай табуы керек болды. Бұл кезең
тыңдау, визуалды тану және отандық мәдениетке деген қызығушылықты
талап етті.
Үшінші кезең «Зерек» деп аталып, логикалық ойлау мен
тапқырлықты сынады. Бұл бөлімде 6 сұрақ қойылды, оның ішінде түрлі
логикалық есептер мен қазақша жұмбақтар болды. Қатысушылар берілген
уақыт ішінде дұрыс жауапты тауып, логика мен жылдам ойлауды қатар
қолдануы тиіс болды.
Төртінші және соңғы кезең —
«Muz Bingooo» музыкалық бағыттағы
ойын түрінде өтті. Қатысушыларға алдын ала ішінде 32 қазақ әнінің атауы
жазылған жауап парағы таратылды. Алайда солардың ішінен тек 15 ән ғана
шынайы түрде қойылды. Төреші біртіндеп сол 15 әнді қосып отырды, ал
қатысушылар тыңдай отырып, жауап парағындағы сәйкес ән атауын
белгілеп отыруы керек болды. Барлық дұрыс әндерді бірінші болып тапқан
және парақты уақытында өткізген қатысушы жеңімпаз атанды. Бұл кезеңде
музыкалық есту қабілеті мен шапшаңдық ерекше маңызды болды.
Ойын барлық кезеңдерінде қатысушылардың білімін, логикасын,
есте сақтауын және шығармашылық қабілетін кешенді түрде бағалай
отырып, қызықты әрі танымды форматта өтті.
Сайыс барысында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының
Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін
Қайырбекұлы: Интеллектуалдық даму мен логикалық ойлау қабілеті – бұл
адамның тек білім жинауы ғана емес, сонымен қатар алған ақпаратты
саралап, тұжырым жасап, тиімді шешім қабылдай білуі. Қоғамның кез келген
мүшесі үшін, соның ішінде пробация тізіміндегі азаматтар үшін де,
зияткерлік қабілеттерді дамыту – жеке өмір мен қоғамда сәтті бейімделудің
маңызды алғышарты. Интеллектуалдық даму – бұл ішкі күш, ол адамға
өмірдің кез келген қиын сәтінде дұрыс бағдар табуға көмектеседі.
Біріншіден, логикалық ойлау – дұрыс шешім қабылдаудың негізі.
Қиын жағдайлардан шығу үшін эмоцияға берілмей, салмақты, логикаға
негізделген шешім қабылдау өте маңызды. Логикасы дамыған адам алдануға
немесе манипуляцияға ерік бере бермейді. Бұл, әсіресе, өткен қателіктерді
қайталамау, алда адал өмір сүру жолында аса қажет қабілет. Интеллектуалдық
даму арқылы адам болашаққа айқын мақсат қоя алады және оған жүйелі
түрде жетуге ұмтылады.
Екіншіден, зияткерлік даму – тұлғаның қоғамға қайта бейімделуіне
ықпал етеді. Ақыл-ой қабілеті дамыған адам жұмыс табуда, оқуда немесе
кәсіби салада жетістікке жетуде артықшылықтарға ие. Білім мен логика
арқылы адам өз болашағын өзі құруға бейімделеді, тәуелсіз ойлайды және
өзінің іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Бұл қабілеттер пробация
жағдайындағы азаматтарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Зияткерлік
дамуға ұмтылу – адамның өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы орнын
табуға көмектеседі.
Үшіншіден, интеллектуалды дамыған адам – тұрақты және бейбіт
қоғамның тірегі. Мұндай азаматтар дау-дамайды күшпен емес, сөзбен
шешуге бейім болады. Ойлау қабілеті дамыған адамдар өзгелердің пікірін
тыңдай біледі, сын-пікірге төзімді келеді, бұл өз кезегінде қоғамда
үйлесімділік пен өзара құрметті нығайтады. Сонымен қатар, логика мен сыни
ойлау дағдылары арқылы жалған ақпараттан, арандатудан сақтана алады.
Қорытындылай келе, интеллектуалдық даму мен логикалық ойлауды
жетілдіру – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның өркендеуіне ықпал ететін
маңызды фактор. Пробация тізіміндегі әр азамат осы бағытта жұмыс істеу
арқылы өз өмірін жаңа белеске шығара алады. Себебі нағыз өзгеріс адамның
өз санасынан басталады.
Сондай-ақ Шу ауданының пробация қызметі бөлімі бастығының
міндетін атқарушы әділет капитаны Булатбеков Марат Жаныбекулы сөзін
былай бастады: “Құрметті пробация есебіндегі азаматтар!
Бүгінгі интеллектуалды сайыстың мақсаты — сіздердің
интеллектуалдық қабілеттеріңізді дамытуға, логикалық ойлау дағдыларын
жетілдіруге және өмірлік жағдайларды дұрыс бағалай білуге ықпал ету.
Ақыл-ойы дамыған, ойлау қабілеті жүйелі азамат — кез келген
қиындықтан жол таба алатын, болашағына сеніммен қарай алатын тұлға.
Интеллектуалдық даму – бұл тек білім емес, өз ісіңе
жауапкершілікпен қарап, шешімдеріңнің салдарын болжай білу.
Логикалық ойлау – сіздің күнделікті өміріңіздегі сенімді көмекшіңіз,
алданудан, асығыс әрекеттерден сақтайтын қорғаныңыз. Біз сіздердің
қоғамға бейімделу жолында осындай қабілеттеріңізді дамытқанды
қалаймыз.
Бүгінгі сайыс барысында сіздерге логикалық ойлауды дамытудың
әдістері, уақытты тиімді пайдалану, дұрыс шешім қабылдау жайында
нақты кеңестер ұсынылады. Бұл – тек теория емес, сіздің шынайы
өміріңізде қолдануға болатын пайдалы тәжірибе.
Егер сіз өз ойыңызды дамытсаңыз — сіз өз тағдырыңызды да
басқара аласыз. Ал біз – пробация қызметі – осы жолда сізге қолдау
көрсетуге дайынбыз. Сұрақтарыңыз болса, ашық айтыңыздар. Бірге
талқылаймыз, бірге дамимыз.
”-деді

Ұқсас жазбалар

«Қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылыққа медиацияның әсері» атты мастер-класс өткізілді

YouthUnion Redaktor

IQAS” интеллектуалды байқауы ұйымдастырылды

YouthUnion Redaktor

Жамбыл облысында «Қарттарға қуаныш сыйла» акциясы өтті