Жаңалықтар

«Қоқыстан көркем кешен»: Экоойлаудың көркем үлгісі

Қазіргі таңда экологиялық мәселелер әлемдік деңгейде өзектілікке ие болып отыр. Тұрмыстық қалдықтардың жыл санап артуы, табиғаттың ластануы, қайта өңдеу мәдениетінің жеткіліксіздігі – осындай түйткілдерге назар аударту қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы орайда, Green Steppe республикалық деңгейдегі экологиялық бастамасы аясында қыркүйек-қараша айлары аралығында жүзеге асырылған «Қоқыстан көркем кешен» жобасы эко жауапкершілікті шығармашылықпен ұштастырып, жаңа үлгі қалыптастырды.

Жобаның негізгі мақсаты – қоқыс қалдықтарына екінші өмір сыйлау арқылы балалар мен жасөспірімдердің, жалпы қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру. Қалдықтарды тек қоқыс деп қабылдамай, оларды әсемдік пен пайдаға жаратуға болатынын көрсету. Осы идеяны жүзеге асыру үшін бастамашыл эко волонтерлер тобы жоба аясында түрлі іс-шаралар, шеберлік сабақтары мен сенбіліктер ұйымдастырды.

Жоба алғашқы кезеңінде эко бағытта белсенділік танытқан жастар арасынан бірнеше еріктіні біріктіру арқылы бастамашыл топ құрылды. Бұл топтың мүшелері алдымен экология саласында теориялық дайындықтан өтті. Атап айтқанда:
— Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану,
— Қалдықтарды сұрыптау,
— Қайта өңдеудің заманауи әдістері,
— Экологиялық сана мен жауапкершілік тақырыптары бойынша интерактивті оқыту сессиялары өткізілді.
Мұндай сабақтардан кейін қатысушылар қалалық сенбіліктерге атсалысып, түрлі аумақтардан тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстарына кірісті. Жиналған материалдар арнайы сұрыпталып, көркемдік мақсатта пайдалануға жарамдылары таңдалып алынды.

Жоба барысындағы ең қызықты әрі мазмұнды кезең – арт-объектілерді жасау болды. Волонтерлер қолданылған пластик бөтелкелерден, түрлі-түсті қалдық материалдардан, шифр қораптардан, ескі киім-кешек пен қағаздан ерекше бейнелер жасап шығарды.
Атап айтқанда:
— «Күншуақ» атты композиция күн мен жылулықты бейнелесе,
— «Миньондар» – балалардың сүйікті кейіпкерлері ретінде балабақша ауласын жандандыра түсті,
— «Саша мен Таня» атты мүсіндер жұптық үйлесімді көрсетсе,
— «Ковбой Рики» балалар қиялына қанат бітіретін образ ретінде ерекше орын алды.
«Қоқыстан көркем кешен» жобасы тек қана волонтерлердің еңбегі емес, бұл — қоғамның экологиялық ойлауына әсер ететін, эко мәдениетті ілгерілетуге бағытталған нақты қадам. Жоба арқылы жастар өздерінің де табиғатты қорғауға үлес қоса алатынын түсінді. Сонымен қатар экология мәселелеріне назар аударылды, қоғамдық жауапкершілік қалыптасты, шығармашылық әлеуеттің қоғам игілігіне жұмсалуына жол ашылды.

Қалдық – бұл пайдасыз дүние емес. Қолдан дұрыс келсе, ол – өнер туындысы. «Қоқыстан көркем кешен» жобасы осы ойды нақты мысалмен дәлелдеді. Волонтерлердің креативі, еңбегі және әлеуметтік белсенділігі арқасында Тараз қаласы тағы бір жасыл бастамамен толықты.

Ұқсас жазбалар

«Пробация  есебіндегі азаматтармен кездесу»

YouthUnion Redaktor

Creativ Hub шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау басталды

YouthUnion Redaktor

“Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер” атты “Батагөйлер” байқауы өткізілді