Жаңалықтар

«Есірткіге жол жоқ!» спорттық фестивалі өтті

Ағымдағы жылдың 12 тамыз күні Төле би ауылында орналасқан №38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде аудан жастары арасында «Есірткіге жол жоқ!» атты спорттық фестиваль ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Спорттық фестивальдің негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі және басқа да зиянды әдеттердің алдын алу, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Фестивальге аудан жастары белсенді қатысып, спорт арқылы денсаулықты нығайту мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын көрсетті. Іс-шара барысында жастарға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданудың дені сау әрі белсенді өмір салтын қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді.

Спорттық шараға жалпы 5 команда қатысып, волейболдан өзара бақ сынасты. Жарыс барысында командалар ұйымшылдық, шапшаңдық, төзімділік және командалық рух танытып, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жастардың белсенді қатысуы спорттық фестивальдің мазмұнын арттыра түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша:

 

  •  І орын – «А. Байтұрсынов» командасы;
  •  ІІ орын – №40 мектеп командасы;
  •  ІІІ орын – «Бірлік Үстем» командасы иеленді.

 

Фестиваль соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушыларға есірткінің зияны мен оның алдын алу бойынша ақпараттар беріліп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған үндеулер айтылды.

«Есірткіге жол жоқ!» спорттық фестивалі жастар арасында спортты кеңінен насихаттап қана қоймай, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, жастардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне ықпал етті.

Осындай спорттық және профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, спортпен белсенді айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.

Ұқсас жазбалар

BIRGEMIZ: ASYL MURA

YouthUnion Redaktor

«Суицидтік мінез құлықтың алдын алу» атты жастармен кездесу өтті

«Ерте жүктіліктің, жасанды түсіктің, бедеулік алдын алу, АИТВ аурулары» атты қыздармен кездесу өтті