Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи кәсіптермен таныстыру, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін көрсету, студенттердің кәсіби бағытын саналы түрде айқындауына ықпал ету және жаңа дағдыларды меңгеруге деген қызығушылығын арттыру болды.
Кездесудің негізгі спикері Намелбек Азамат Намелбекұлы болып, ол қазіргі таңда әлемде қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі – жасанды интеллект және оның кәсіби мүмкіндіктері туралы студенттерге жан-жақты ақпарат берді. Спикер ЖИ технологияларының IT саласымен ғана шектелмей, білім беру, кәсіпкерлік, маркетинг, дизайн, медиа, контент өндірісі және басқа да көптеген бағыттарда белсенді қолданылып келе жатқанына тоқталды.
Кездесу барысында жастарға жасанды интеллект құралдарын практикалық мақсатта пайдалану және оларды табыс көзіне айналдыру мүмкіндіктері түсіндірілді. Атап айтқанда, ЖИ көмегімен мәтіндік және визуалды контент әзірлеу, идеяларды жылдам өңдеу, цифрлық қызметтер көрсету, күнделікті жұмыс процестерін автоматтандыру және жаңа IT-жобаларды жүзеге асыру бағыттары сөз болды.
Намелбек Азамат жасанды интеллект құралдарын қолдана білудің өзі жеткіліксіз екенін атап өтіп, жастарды технологияның мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге шақырды. Оның айтуынша, болашақта ЖИ бағытында бәсекеге қабілетті маман болу үшін цифрлық сауаттылықты, логикалық және сыни ойлауды, ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін, ағылшын тілін және технологиялық жаңалықтарға жылдам бейімделу дағдыларын қатар дамыту маңызды. Сонымен қатар спикер жастарға ЖИ саласында кәсіби дамуды неден бастау керектігі жөнінде бағыт-бағдар берді. Алдымен қолжетімді ЖИ құралдарын тәжірибе жүзінде меңгеріп, кейін белгілі бір бағытты таңдау, білімді арнайы курстар мен сертификаттық бағдарламалар арқылы толықтыру және алған дағдыларды нақты шағын жобаларда сынап көру қажеттігі айтылды.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде студенттер жасанды интеллект арқылы табыс табуды неден бастауға болатыны, ЖИ маманына қандай дағдылар қажет екені, алғашқы жобаны қалай әзірлеу керектігі, сертификаттық бағдарламаларды таңдау және гранттық байқауларға қатысу мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
Жалпы, «Мамандық таңдау – болашақ» кәсіби бағдар беру кездесуі жастардың жасанды интеллект саласына деген қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды саналы әрі тиімді пайдалануға, кәсіби дағдыларын тұрақты дамытуға және болашақ мамандығын еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып таңдауға бағытталған мазмұнды шара ретінде өтті.
