Жаңалықтар

Сарысу ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Сарысу ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Сарысу ауданында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру және қоғамда дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.
Іс-шаралар Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен, 2026 жылға арналған «Тұрғындар арасында діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық, профилактикалық, танымдық жұмыстар жүргізу» жобасы аясында өткізілді.
Жоба шеңберіндегі ақпараттық-түсіндіру кездесулері Сарысу ауданының Өндіріс, Саудакент, Жайылма және Жаңаарық елді мекендерінде ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қамтылды.
Кездесулерге арнайы шақырылған дінтанушы маман Қанат Әділханұлы Жұмағұл спикер ретінде қатысып, тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін кері әсері, діни сауаттылықты арттырудың маңызы және жат діни идеологиялардың ықпалынан сақтану жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Қанат Жұмағұл – дінтану саласында мол тәжірибе жинақтаған маман. Ол Халықаралық қазақ-араб университетінде «Дінтанушы және араб тілі пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша білім алып, кейін Түркия Республикасының Дін істері басқармасы жанындағы «Хасеки» имамдар институтында білімін жетілдірген. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандығы бойынша білім алған.
Маман әр жылдары білім беру және діни мекемелерде қызмет атқарып, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бағытында да тәжірибе жинақтаған. Оның дінтанушы-теолог ретіндегі көпжылдық тәжірибесі кездесулер барысында тұрғындардың сауалдарына кәсіби тұрғыда жауап беруге және күрделі діни мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік берді.
Кездесулер барысында дәстүрлі дін мен деструктивті діни идеологияның ара-жігін ажырату, діни ақпаратты сенімді дереккөздерден алу, интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни мазмұнға сын көзбен қарау, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың адам санасына ықпал ету тәсілдері мен олардың белгілері түсіндіріліп, қоғамның дәстүрлі құндылықтарын сақтау, отбасындағы тәрбие мен рухани иммунитетті қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
Ақпараттық кездесулер ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған діни мәселелер бойынша маманға сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Мұндай тікелей кездесулер тұрғындардың діни мәселелер жөніндегі дұрыс түсінігін қалыптастыруға және деструктивті идеологияларға қарсы ақпараттық иммунитетін күшейтуге бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттырумен қатар, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуына жол бермеу, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу қаупін төмендету және азаматтарды Қазақстан қоғамының дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарына бейімдеу.
Алдағы уақытта аталған жоба аясындағы ақпараттық, профилактикалық және танымдық жұмыстар Сарысу ауданының өзге де елді мекендерінде жалғасын табады.

Ұқсас жазбалар

Сайлау қарсаңында тәуелсіз байқаушыларға арнайы дайындық жүргізілді

YouthUnion Redaktor

Мешіттердегі жергілікті жамағат арасында ағарту жұмыстары жүргізілді

YouthUnion Redaktor

Заң заман талабы

YouthUnion Redaktor