Жаңалықтар

«ТАЗА ОЙ – ДҰРЫС БАҒЫТ – САУ ҚОҒАМ» тақырыбында кездесу өтті

2026 жылғы 17 қыркүйек күні Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Шу ауданы, Төле би ауылының мәдениет үйінде «Таза ой – дұрыс бағыт – сау қоғам» тақырыбында жастармен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің арнайы қонағы – Шу ауданы РАТТ мүшесі, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Ризабек Батталұлы болды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, дұрыс ойлау мен саналы таңдау жасауға бағыттау, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдағы түрлі теріс құбылыстардың алдын алу.

Кездесу барысында Ризабек Батталұлы жастармен ашық форматта әңгімелесіп, қазіргі қоғамдағы жастардың орны мен жауапкершілігі туралы өз ойларымен бөлісті. Ол адамның ойы мен дүниетанымы оның іс-әрекетіне тікелей әсер ететінін айтып, әрбір жас өз өмірінде дұрыс бағыт таңдап, қабылдаған шешімдеріне жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.

«Таза ой – дұрыс бағыт – сау қоғам» тақырыбы аясында адамның ішкі мәдениеті, тәрбиесі, білімі мен қоршаған ортасының қалыптасуына әсер ететін факторлар кеңінен сөз болды. Жастарға жақсы орта қалыптастырудың және өзіне пайдалы адамдармен араласудың маңыздылығы түсіндірілді.

Ризабек Батталұлы жастарды білім алуға, ізденуге, өз қабілеттерін дамытуға және уақытты тиімді пайдалануға шақырды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде таралатын ақпараттарға сын көзбен қарап, кез келген мәліметті саралап, оның шынайылығына көз жеткізудің қажеттігін айтты.

Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәселелеріне де ерекше тоқталды. Жастарға қоғамның болашағы олардың бүгінгі таңдаған бағыты мен әрекетіне байланысты екені айтылды.

Сонымен қатар нашақорлық, құқық бұзушылық, зиянды әдеттер және теріс діни ағымдардың алдын алу мәселелері қозғалды. Жастарға күмәнді ақпараттар мен теріс идеологияларға ермеу, діни сауаттылықты арттыру және маңызды мәселелер бойынша сенімді әрі білікті мамандардың пікіріне жүгіну қажеттігі түсіндірілді.

Ризабек Батталұлы өз сөзінде жастарды саналы болуға, білімге ұмтылуға, ата-ана мен үлкендерді құрметтеуге, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болуға және әрбір ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Ашық форматта өткен әңгіме барысында жастар мен маман арасында еркін пікір алмасу орнады.

Іс-шара соңында қатысушылар «Таза ой – дұрыс бағыт – сау қоғам» қағидасының маңызын талқылап, қоғамның сау әрі тұрақты болуы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатыны туралы қорытынды жасады

Аталған кездесу жастардың рухани дүниетанымын кеңейтуге, діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға, теріс ықпалдардан сақтануға және дұрыс өмірлік бағыт қалыптастыруға бағытталған мазмұнды іс-шара болды.

Ұқсас жазбалар

Нұрлан Байжігітұлымен кездесу өтті

YouthUnion Redaktor

“Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер” атты “Батагөйлер” байқауы өткізілді

«Берекелі отбасы – берік қоғам» іс-шарасы өтті