Жаңалықтар

«Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты аудандық форум өткізілді

20 мамыр күні Шу ауданында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында аудандық форум өткізілді. Аталған іс-шара «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі   ұйымдастыруымен, Шу ауданының ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Форумның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздік пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру.

Форумға Шу ауданы әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің ұстаздары, Аналар кеңесінің мүшелері, Отбасын қолдау орталығының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Форум барысында отбасылық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелері талқыланып, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілді. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді жолдары қарастырылды.

Іс-шара барысында қатысушыларға әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, театрландырылған қойылым ұсынылды. Шығармашылық қойылым арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың маңыздылығы көрермендерге әсерлі түрде жеткізілді.

Форумның ерекше бөлігінің бірі – оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған музыкалық-шығармашылық қойылым болды. Оқушылар өнер көрсету арқылы отбасы құндылықтарын, ата-анаға деген құрметті, мейірімділік пен татулықты насихаттады. Музыкалық бағдарлама форумның мазмұнын толықтырып, қатысушыларға көтерілген тақырыпты шығармашылық тұрғыда қабылдауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді үлес қосып, отбасы құндылықтарын насихаттауға, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып жүрген азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттау рәсімі азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және игі бастамаларға қолдау көрсетуге бағытталды.

Форум барысында отбасы – қоғамның негізгі тірегі екені атап өтіліп, әрбір отбасы мүшесінің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды. Қатысушылар зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу, қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақытылы көмек көрсету және отбасыдағы мәселелерді бейбіт жолмен шешу қажеттілігі жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара соңында қатысушыларға отбасында мейірімділік, түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидатын нығайту қажеттілігі жөнінде ұсыныстар берілді.

«Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты аудандық форум өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылап қана қоймай, оны шығармашылық қойылымдар, әлеуметтік бейнероликтер және музыкалық бағдарламалар арқылы кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Іс-шара отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне қоғам назарын аударуға және зорлық-зомбылықсыз қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.

Ұқсас жазбалар

«Деструктивті діннің таралуы» атты жастармен ашық диалог өтті

YouthUnion Redaktor

Шығанақ орта мектебінің оқушылары облыстық гранд финалға жолдамаға ие болды

Сарысу ауданында жасөспірімдердің репродуктивті сауаттылығына арналған семинар өтті