Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік тапсырысы аясында гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асырылып жатқан «Jambyl Civil Hub» жобасы шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған оқыту курсы өткізілді.
«Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара өңірдегі азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайтуға, қоғамдық ұйымдардың өзара тәжірибе алмасуына және әлеуметтік бастамаларды дамытуға бағытталды.
Оқыту курсына Жамбыл облысында қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, қоғамдық сектордың қазіргі жағдайы, ұйымдардың қызметін жетілдіру және әлеуметтік жобаларды тиімді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуді «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Дастан Исламбек жүргізді. Спикерлер өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, азаматтық белсенділікті арттырудың маңыздылығы, қоғамдық бастамаларды қолдау және ұйымдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытында ақпарат берді.
Іс-шара барысында қатысушылар әлеуметтік жобаларды әзірлеу, қаржыландыру көздерін қарастыру, жобалық қызметті жоспарлау және нәтижелілігін арттыру бойынша өзара пікір алмасты. Сондай-ақ тәжірибелік бөлімде жобалық идеяларды жүйелеу, оларды нақты мақсат-міндеттерге сәйкестендіру және жобалық құжаттарды дұрыс рәсімдеу мәселелері қарастырылды.
Оқыту курсы қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе бөлісуге және алдағы уақытта бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға жағдай жасады.
Айта кетейік, «Jambyl Civil Hub» жобасы өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың институционалдық әлеуетін арттыруға, азаматтық бастамаларды ынталандыруға және әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетуге бағытталған.

