Жаңалықтар

Психологиялық тренингтер (стрессті басқару, эмоцияны бақылау, өмірлік мақсат қою)

Шу ауданы, Төле би ауылындағы Әл-Фараби атындағы мектеп базасында оқушылардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған «Стрессті басқару, эмоцияны бақылау және өмірлік мақсат қою» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығын қалыптастыру, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту, эмоцияларын тиімді басқаруға үйрету және болашаққа деген сенімді көзқарасын қалыптастыру болды.

Аталған іс-шара Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі КММ тапсырыс аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шараға арнайы қатысқан Алпысбаева Жанар Садыковна — Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психологы және  “Sunqar” волонтерлық қозғалысының негізін қалаушы, кіші гранттар жеңімпазы, жастар көшбасшысы Еркін Әбдиев. Кездесу барысында мамандар қазіргі қоғамдағы жастардың психологиялық денсаулығының маңыздылығы туралы айтып, күйзеліс пен алаңдаушылықтың алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, қатысушыларға күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды жеңудің тиімді тәсілдері мен өз эмоцияларын басқарудың практикалық әдістері ұсынылды.

Іс-шара аясында түрлі психологиялық жаттығулар, сергіту ойындары және топтық жұмыстар ұйымдастырылды. Оқушылар өздерінің ішкі сезімдерімен бөлісіп, бір-бірімен пікір алмасты. Тренинг барысында қатысушылар стресстік жағдайларды анықтау, жағымсыз эмоцияларды бақылау, өзіне деген сенімділікті арттыру және мақсат қоюдың тиімді жолдары жөнінде мағлұмат алды. Арнайы тапсырмалар арқылы оқушылар өздерінің күшті және әлсіз тұстарын саралап, жеке даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.

Өмірлік мақсат қою тақырыбына ерекше назар аударылып, жастардың болашақ мамандық таңдауына, өз қабілеттерін дамытуына және армандарына жету жолындағы нақты қадамдарды жоспарлауына қатысты маңызды ақпараттар берілді. Мамандар әрбір адамның өмірде өзіндік мақсаты болуы керектігін атап өтіп, табысқа жетудің басты шарты жүйелі еңбек пен табандылық екенін түсіндірді.

Кездесу барысында оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу жастардың өз ойларын еркін жеткізуіне және психологиялық қолдау алуына мүмкіндік берді. Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың олардың жеке дамуына үлкен ықпал ететінін атап өтті.

Аталған психологиялық тренинг оқушылардың эмоционалдық әл-ауқатын арттыруға, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға және тұлғалық дамуына серпін беруге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Мұндай кездесулер жастардың психологиялық мәдениетін көтеруге, өзіне деген сенімін нығайтуға және қоғамда белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға пайдалы ақпарат пен жаңа тәжірибе сыйлады.

 

Ұқсас жазбалар

«Медиация татулық пен түсініктін кілті» кездесуі

YouthUnion Redaktor

Мотивациялық ойын-тренингтер («Өмір таңдауы», «Мақсатқа жету жолы», «Сенің болашағың»)

Зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам тұрақтылығының кепілі