2026 жылғы 3 тамыз күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының мемлекеттік тапсырысы аясында «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылында «Қоғамдық келісім мен рухани бірлікті қалыптастырудағы діни мәдениеттің рөлі» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы конфессияаралық келісім мен дінаралық татулықты нығайту, жастар мен ауыл тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ діни мәдениеттің қоғамдық бірлікті қалыптастырудағы маңызын түсіндіру.
Кездесуге Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен ұстаз арнайы шақырылып, қатысушыларға тақырып аясында мазмұнды ақпарат берді.
Кездесу барысында діни мәдениеттің қоғам өміріндегі орны, рухани құндылықтардың адам тәрбиесіндегі маңызы, конфессияаралық татулық пен өзара құрмет мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы діни сауаттылықтың қажеттілігі, жастардың діни ақпаратты дұрыс қабылдауы және күмәнді діни ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары туралы түсіндірілді.
Дәурен ұстаз өз сөзінде қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауда әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Әсіресе, отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін бойға сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Дәстүрлі діни құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы туралы да кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ қатысушыларға діни мәселелерге қатысты ақпараттарды тек сенімді дереккөздерден алу, әлеуметтік желілерде таралатын жалған діни мәліметтерге сын көзбен қарау қажеттігі түсіндірілді. Діни сауаттылықты арттыру – қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі екені айтылды.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, арнайы шақырылған қонақпен пікір алмасты. Кездесу ашық форматта өтіп, өзара сұхбат пен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында қоғамдық келісім мен рухани бірлікті сақтау, діни толеранттылықты қалыптастыру және жастар арасында адамгершілік құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Аталған іс-шара өз мақсатына жетіп, қатысушылардың діни мәдениет пен рухани құндылықтар туралы түсінігін кеңейтуге, қоғамдағы татулық пен келісімнің маңызын тереңірек ұғынуға ықпал етті.
