2026 жылдың 19–20 қыркүйек күндері «Берікқара» лагерінде 20 отбасының қатысуымен екі күндік «Алтын ұя» отбасылық лагері ұйымдастырылды. Лагерьдің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігін арттыру және отбасылардың уақытты бірге мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасау.
Лагерь бағдарламасы теориялық және практикалық сессияларды, шығармашылық тапсырмаларды, танымдық ойындар мен отбасылық белсенділіктерді қамтыды.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының облыстық психологиялық қолдау орталығы психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Ережепова Айжан Рысбековна **«Сөйлесу, тыңдау, түсіну: үйлесімді отбасы формуласы»** тақырыбында теориялық және практикалық сессия өткізді. Маман отбасындағы ашық диалогтың маңызына, бір-бірінің пікірін тыңдай білуге және туындаған мәселелерді өзара түсіністік арқылы шешуге тоқталды. Практикалық бөлімде қатысушылар қарым-қатынасты жақсартуға, өз сезімдері мен ойларын дұрыс жеткізуге бағытталған тапсырмаларды орындады.
Zerdeli Taraz мектебінің психологы Серикова Аружан Маратовна **«Бір-бірін тыңдау және түсіну: бақытты отбасының құпиясы»** тақырыбында теориялық және практикалық жұмыс жүргізді. Сессия барысында отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қолдау көрсетуі, эмоцияны дұрыс қабылдауы және өзара сенім қалыптастыруы туралы пайдалы ақпарат берілді. Арнайы практикалық жаттығулар арқылы қатысушылар бір-бірін тыңдап, пікір алмасып, отбасылық қарым-қатынасқа жаңа қырынан қарауға мүмкіндік алды.
Кешкі бағдарламада әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты және отбасылық құндылықтарды арқау еткен **«ZamanBACK»** фильмі көрсетілді. Фильмнен кейін қатысушылар туындыдан алған әсерлерімен бөлісіп, ата-ананың бала өміріндегі орны, әкелік жауапкершілік және жақын адамдарға уақыт бөлудің маңызы жөнінде ой қозғады.
Лагерьдің келесі күнінде отбасыларға **«Менің отбасым – менің үйім»** тақырыбындағы шығармашылық тапсырма ұсынылды. Қатысушылар отбасы туралы түсініктерін, ортақ армандары мен өздері үшін қымбат құндылықтарды сурет арқылы бейнеледі. Тапсырма әр отбасының бірлесіп жұмыс істеуіне, ортақ шешім қабылдауына және шығармашылық қабілеттерін көрсетуіне жағдай жасады.
Сонымен қатар қатысушыларға отбасымен бірге арнайы бейнеролик түсіру тапсырмасы берілді. Отбасылар тапсырманы өз идеялары мен шығармашылық көзқарастарына сай орындап, бірлескен жұмыстарын ұсынды. Бұл белсенділік олардың ұйымшылдығын, өзара қолдауын және ортақ іске жауапкершілікпен қарауын көрсетті.
Бағдарлама отбасылық **«JarIQ» интеллектуалды квизімен** жалғасты. Қатысушылар түрлі танымдық сұрақтарға бірге жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Квиз барысында командалық жұмыс, жылдам шешім қабылдау және отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуі ерекше байқалды.
Екі күндік лагерь қорытындысында барлық қатысушы отбасы арнайы Алғыс хаттармен және тақырыптық кәдесыйлармен марапатталды.
«Алтын ұя» отбасылық лагері қатысушыларға күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт алыстап, жақындарымен бірге сапалы уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Теориялық білім мен тәжірибелік жұмыстарды ұштастырған бағдарлама отбасылардың бір-бірін тереңірек түсінуіне, ашық сөйлесуіне және ортақ жарқын естеліктер қалыптастыруына ықпал етті.
