Жаңалықтар

«Ашулансаң да ойлан» тақырыбындағы ақпараттық кездесу өтті

2026 жылғы 18 қыркүйек күні «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен №38 орта мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және эмоцияны басқару мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Ашулансаң да ойлан» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге ашу-ыза мен эмоцияны дұрыс басқарудың маңыздылығын түсіндіру, жанжал жағдайларында сабырлы шешім қабылдауға үйрету, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға шақыру және құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін әрекеттердің алдын алу. Сонымен қатар, оқушылар арасында өзара сыйластықты қалыптастыру, бір-бірінің жеке шекарасын құрметтеу және мектеп ортасында қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін дамыту көзделді.

Кездесуге арнайы спикерлер ретінде Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша бас маманы Сағат Джаналиев және ЗТБ менеджері Алина Мейірбекқызы қатысты.

Кездесу барысында спикерлер оқушыларға адамның эмоциялық жағдайы, ашу-ызаның пайда болу себептері және оны бақылаудың тиімді жолдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жасөспірімдік кезеңде эмоцияның құбылмалы болуы, түрлі келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктердің туындауы қалыпты жағдай екені, алайда кез келген жағдайда өз әрекетін бақылап, дұрыс шешім қабылдай білу маңызды екені атап өтілді.

Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша бас маманы Сағат Джаналиев өз сөзінде әрбір адамның құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілігі және өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне тоқталды. Ол оқушыларға ашу үстінде жасалған орынсыз әрекеттердің соңы түрлі келеңсіз жағдайларға, соның ішінде құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін екенін түсіндірді. Сонымен қатар, кез келген келіспеушілікті күш көрсету немесе қорлау арқылы емес, өзара түсіністік пен сабырлы әңгімелесу арқылы шешудің маңыздылығын жеткізді.

Ал ЗТБ менеджері Алина Мейірбекқызы оқушылармен ашуды басқару, жанжалдың алдын алу және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау тақырыптарында пікір алмасты. Спикер өз сөзінде адамның эмоциясын танып, оны бақылауға алуы күнделікті өмірде де, мектеп ортасында да маңызды дағдылардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ашуланған сәтте асығыс шешім қабылдамай, алдымен жағдайды саралап, қарсы тараптың пікірін тыңдап, мәселені бейбіт жолмен шешуге ұмтылу қажеттігі айтылды.

Іс-шара барысында мектеп оқушылары арасында жиі кездесетін буллинг, мазақ ету, бір-бірін кемсіту, сөзбен қорлау, төбелес және өзара жанжал мәселелері де қозғалды. Оқушыларға мұндай әрекеттердің басқа адамның психологиялық жағдайына кері әсер ететіні және мектептегі жағымды ахуалдың бұзылуына себеп болатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, жанжалға куә болған жағдайда оған араласып, жағдайды ушықтырмай, қажет кезде мұғалімдерге немесе мектеп әкімшілігіне хабарлау керектігі айтылды.

Спикерлер оқушыларға ашуды жеңудің ең тиімді жолдарының бірі – өз эмоциясын түсіну, сабыр сақтау, орынсыз сөздер мен әрекеттерден аулақ болу екенін жеткізді. Әрбір адамның өз мінез-құлқына жауапты екені, ал өзгеге құрметпен қарау мен өзара түсіністік қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі екені ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикерлермен еркін пікір алмасты. Қатысушыларға күнделікті өмірде кездесетін түрлі келіспеушілік жағдайларында дұрыс әрекет ету, эмоцияны бақылау және өз құқықтары мен міндеттерін білу жөнінде пайдалы ақпараттар берілді.

Іс-шара соңында оқушыларға қандай жағдай болмасын ашуға ерік бермей, әрбір әрекетті ойланып жасау, өзгенің пікіріне құрметпен қарау және туындаған мәселелерді бейбіт жолмен шешу қажеттігі ескертілді.

Аталған ақпараттық кездесу жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, эмоциялық сауаттылығын арттыруға, мектептегі буллинг пен жанжалдардың алдын алуға және оқушылар арасында өзара сыйластық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталды.

Ұқсас жазбалар

«Адалдық — ардың ісі» атты жастармен кездесу өтті

Адал азамат – белсенді қоғам атты» азаматтық қоғам ұйымдарымен бірігу мәселелері бойынша семинар өтті

«Медиация татулық пен түсініктін кілті» кездесуі

YouthUnion Redaktor