2026 жылдың 12 тамызында Еркін Әбдиев Жамбыл облысы, Шу ауданының жастарымен кездесу өткізіп, жастарға арналған мүмкіндіктер, креативті индустрия және кәсіпкерлікті дамыту бағытында еркін пікір алмасты.
Кездесу барысында Еркін Әбдиев жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, жаңа идеяларды нақты жобаға айналдыру және қолжетімді мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды. Ол бүгінгі таңда креативті индустрия жастар үшін шығармашылықпен айналысатын сала ғана емес, өз кәсібін қалыптастыруға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және табыс табуға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар жастарға Жамбыл облысында қолжетімді гранттық мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берілді. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы кеңінен айтылып, жастардың әлеуметтік, шығармашылық және басқа да бастамаларын жүзеге асыруда осындай мүмкіндіктерді пайдалану жолдары түсіндірілді.
Кездесуде кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастар үшін Кәсіпкерлер палатасы арқылы ұсынылатын бизнеске арналған гранттық қолдау мүмкіндіктері де сөз болды. Еркін Әбдиев жастарға идеяны бизнес-жобаға айналдыру, қолжетімді бағдарламаларды іздеу, қажетті ақпаратты жинау және өз бастамасын жүзеге асыруда белсенділік танытудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу еркін диалог форматында жалғасып, Шу ауданының жастары кәсіпкерлік, креативті индустрия, гранттық бағдарламалар және өз жобаларын жүзеге асыруға қатысты сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу соңында Еркін Әбдиев жастарды өз идеяларына сенуге, жаңа мүмкіндіктерді белсенді іздеуге, білім мен тәжірибесін жетілдіруге және шығармашылық бастамаларын нақты жобаларға айналдыруға шақырды.
«ORKEN: Жастардың креативті әлеуетін ілгерілету және инновациялық бастамаларды қолдау хабы» жобасы «Ақ Сұңқар» Жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы КММ-нің гранттық тапсырысы аясында, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының операторлығымен жүзеге асырылуда.
