2026 жылғы 6 мамыр күні сағат 10:00-де Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында «Өмірді таңда» тақырыбында психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайту, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, эмоционалдық тұрақтылығын арттыру, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту және психологиялық қолдау көрсету.
Тренингтерге спикер ретінде Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының психолог мамандары қатысты.
Іс-шара барысында оқушылардың психологиялық саулығы, эмоционалдық жағдайы және тұлғалық дамуы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Психолог мамандар жасөспірімдерге өмірлік қиындықтарды еңсеру, өз эмоцияларын басқару, күйзеліс жағдайында өзін-өзі реттеу және айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату жолдарын түсіндірді.
Тренинг аясында оқушылардың өзін-өзі тануына, жеке қабілеттерін анықтауына және өзіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған психологиялық жаттығулар жүргізілді. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, топтық тапсырмалар арқылы бір-бірімен пікір алмасты. Сонымен қатар, өзара қолдау көрсету, өзгелердің пікірін құрметтеу және қиын жағдайларда көмек сұрай білу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар орындалды.
Психолог мамандар жасөспірімдерге өмірлік құндылықтардың маңыздылығын түсіндіріп, әр адамның өмірі мен болашағының маңызды екенін атап өтті. Қиындықтар туындаған жағдайда оны жалғыз еңсеруге тырыспай, сенімді ересектерге, ата-аналарға, педагогтерге немесе психолог мамандарға жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан кәсіби кеңестер алды. Ашық диалог пен практикалық жаттығулар арқылы қатысушылардың психологиялық сауаттылығын арттыруға және жағымды эмоционалдық орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалды.
Іс-шара қорытындысында жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау, өмірлік қиындықтарға төзімділігін арттыру және өзара қолдау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

