«Үміт шуағы» жобасы «Білімгерлер мен жастардың “Қазақстанның болашағы үшін” Тараз бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Тараз қаласы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» КММ-нің гранттық тапсырысы аясында, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының операторлығымен жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру. Осы мақсатта жоба аясында әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға, әке мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Әке – отбасының тірегі» семинары ұйымдастырылды.
Әке – бала үшін қорған ғана емес, оның өміріндегі сенімді тірек, бағыт-бағдар беретін тұлға әрі балаға өзінің іс-әрекетімен үлгі көрсететін маңызды адам. Отбасындағы әкенің рөлі баланың тұлғалық қалыптасуына, өзін-өзі бағалауына және қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуына үлкен әсер етеді.
Осы орайда әкелер мен болашақ әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және әке мен бала арасындағы өзара түсіністікті нығайту мақсатында «Әке – отбасының тірегі» тақырыбында танымдық семинар ұйымдастырылды.
Семинар Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында өткізілді. Кездесуге әртүрлі мектептердің ұстаздары қатысып, бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас, әкелік жауапкершілік және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Семинар барысында Жастар денсаулық орталығының басшысы, психолог Сламова Лаура Майрамбековна «Баламен қарым-қатынас және эмоционалдық қолдау» тақырыбында сөз сөйлеп, әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Психолог өз сөзінде бала үшін әкенің тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуші ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық тұрғыдан қолдау көрсететін, баланың пікірін тыңдайтын, қиындық кезінде жанынан табылатын тұлға болуы маңызды екенін атап өтті. Әке мен бала арасында сенімді қарым-қатынас қалыптасқан жағдайда бала өз ойын еркін жеткізіп, мәселелерімен бөлісуге және көмек сұрауға бейім болатыны түсіндірілді.
Сламова Лаура Майрамбековна баланың сезімдерін түсіну және қабылдау, оны тыңдай білу, дұрыс мақтау мен қолдау көрсету, баланың жетістігіне бірге қуану және қателіктері кезінде кінәламай, дұрыс бағыт көрсету жөнінде пайдалы кеңестер берді. Сонымен қатар, маман жасөспірімдік кезеңдегі әке мен бала қарым-қатынасының ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл кезеңде баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына байланысты оның өз пікірін білдіруге, дербестікке ұмтылысы арта түсетінін айтып, ата-аналарға баланың шекарасын құрметтеу және онымен ашық диалог орнату қажеттігін түсіндірді.
Семинар теориялық ақпаратпен ғана шектелмей, «Әке ретінде мен не істер едім?» атты практикалық бөліммен жалғасты. Қатысушыларға күнделікті отбасылық өмірде кездесетін түрлі жағдайлар ұсынылып, оларды әке ретінде қалай шешетіндері талқыланды. Мәселен, баланың мектептен көңілсіз оралуы, төмен баға алуы, достарымен түсініспеушілікке тап болуы немесе өзіне деген сенімінің төмендеуі секілді жағдайлар қарастырылды. Қатысушылар мұндай сәттерде баланы бірден кінәлаудың немесе жазалаудың орнына, алдымен оны тыңдап, жағдайдың себебін анықтап, эмоционалдық қолдау көрсету маңызды екенін маманмен бірге саралады.
Практикалық тапсырмалар барысында ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде кездесетін түрлі жағдайларға қатысты пікір алмасты. Бұл бөлім қатысушыларға теориялық білімді күнделікті өмірде қолдану жолдарын түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, семинар барысында отбасындағы әкенің жауапкершілігі, балаға үлгі болу, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік, балаға уақыт бөлу және оның өміріне белсенді араласу мәселелеріне ерекше мән берілді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, психологпен пікір алмасты. Семинар барысында берілген ақпарат пен практикалық тапсырмалар ұстаздарға бала тәрбиесіне жаңа көзқараспен қарауға, балалармен қарым-қатынаста сабырлылық, түсіністік және қолдаудың маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.
«Әке – отбасының тірегі» семинары отбасылық құндылықтарды нығайтуға, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға және ата-ана мен бала арасында жылы әрі сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға бағытталған мазмұнды кездесу болды.
Әкенің балаға берген ең үлкен сыйы – оның жанында болуы, тыңдай білуі, түсінуі және әрдайым қолдау көрсетуі.

