Жаңалықтар

Сайлау қарсаңында тәуелсіз байқаушыларға арнайы дайындық жүргізілді

Құрылтай депутаттарының сайлауына санаулы күндер қалғанда тәуелсіз байқаушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы кездесу өтті. Іс-шараны «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы ұйымдастырды.

   Жиын барысында сайлау учаскелеріндегі қоғамдық бақылауды тиімді жүргізудің жолдары қарастырылды. Байқаушыларға дауыс беру күні атқаратын жұмысы, заң аясындағы құқықтары мен міндеттері және сайлау процесіне араласу шегіне қатысты түсіндірулер берілді.

   Қатысушылар дауыс беру барысын бақылау, учаскедегі тәртіпті қадағалау және дауыстарды санау кезінде назар аударылатын мәселелермен танысты. Сондай-ақ сайлау кезінде кездесуі мүмкін даулы немесе стандартты емес жағдайларға байланысты практикалық мысалдар талқыланды.

   Іс-шара кезінде байқаушыларға арнайы әзірленген әдістемелік құралдар ұсынылып, оларды сайлау күні пайдалану тәртібі түсіндірілді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай оқыту шаралары алдағы уақытта да жалғасып, өңірлердегі байқаушыларды дайындау жұмыстары күшейтіледі.

   «Халық үні» тобы қоғамдық бақылаудың негізгі мақсаты сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және заң талаптарының орындалуын бақылау екенін атап өтті.

Еске салайық, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Саяси науқанға Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия қатысады. Қазір еліміздің әр өңірінде сайлау процесіне қатысатын қоғамдық бақылаушыларды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұқсас жазбалар

«ORKEN Аудандарда» ақпараттық экспедициясы Шу ауданында

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ — ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ ТЕҢДІГІ

Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы №7 орта мектебінде «Ой шебері» зияткерлік ойыны өтті