Жаңалықтар

Qauipsiz Qadam

2025 жылғы 19 мамыр күні Тараз гуманитарлық техникалық колледжі базасында BIRGEMIZ: SAÝLYQ жалпыұлттық волонтерлық жоба аясында «Qauipsiz Qadam» тақырыбында танымдық әрі тәжірибелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның ұйымдастырушылары – Жамбыл облысы ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту болды.

Іс-шараның жүргізушісі әрі модераторы, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті А.Намелбек қатысушыларды іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстырып, жастардың қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол бүгінгі қоғамда әрбір азаматтың алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі адам өмірін сақтап қалуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамының мамандары мен спикерлері арнайы қатысып, студенттерге алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдері және қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты ақпарат берді. Спикерлер жазатайым оқиғалар орын алған жағдайда адамның жағдайын бағалау, жедел жәрдем қызметін шақыру тәртібі, қан кету, күйік алу, жарақаттану және есінен тану жағдайларында көрсетілетін алғашқы көмектің негізгі қағидаларын түсіндірді.

Іс-шара барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар тәжірибелік сабақтарға да қатысты. Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамының маманы арнайы манекеннің көмегімен жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу тәсілдерін көрсетіп, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Практикалық бөлімде адамның тыныс алуын тексеру, жүрекке жанама массаж жасау, қауіпсіз қалыпқа келтіру әдістері және шұғыл жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары көрсетілді.

Студенттер тәжірибелік жаттығуларға белсенді қатысып, мамандардың нұсқауымен алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибелік жұмыстар жастардың алған білімдерін бекітіп қана қоймай, төтенше жағдайларда өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал етті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайларда қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде құнды ақпарат алды.

 

Сонымен қатар іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелері де қарастырылды. Спикерлер қауіп-қатердің алдын алу шаралары туралы түсіндіріп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Qauipsiz Qadam» жобасы жастардың өмірлік маңызды білім мен дағдыларды меңгеруіне бағытталған маңызды бастама ретінде жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жаңа білім алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болды. Осындай кездесулер жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, кез келген төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын жауапты азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Қорытындылай келе, Тараз гуманитарлық техникалық колледжінде өткен «Qauipsiz Qadam» іс-шарасы студент жастар үшін тағылымы мол, пайдалы әрі маңызды кездесу болды. Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамы мен Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен өткен бұл шара жастардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, алғашқы көмек көрсету дағдыларын дамытуға және адам өмірінің құндылығын түсінуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтып, жастардың білімді, жауапты әрі белсенді азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосады.

Ұқсас жазбалар

“Медиация дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді жолы” кездесуі

YouthUnion Redaktor

Шығанақ орта мектебінің оқушылары облыстық гранд финалға жолдамаға ие болды

Жамбыл облысында азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған «JAMBYL CIVIL HUB» шағын гранттар конкурсына өтінім қабылдау басталды

YouthUnion Redaktor