Жаңалықтар

Qauipsiz Qadam

2025 жылғы 18 мамыр күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті базасында BIRGEMIZ: SAÝLYQ жалпыұлттық волонтерлық жоба аясында «Qauipsiz Qadam» тақырыбында танымдық әрі тәжірибелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның ұйымдастырушылары – Жамбыл облысы ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту болды.

Іс-шараның жүргізушісі әрі модераторы, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті А.Намелбек қатысушыларды іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстырып, жастардың қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ол бүгінгі қоғамда әрбір азаматтың алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі адам өмірін сақтап қалуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамының мамандары мен спикерлері арнайы қатысып, студенттерге алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдері және қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты ақпарат берді. Спикерлер жазатайым оқиғалар орын алған жағдайда адамның жағдайын бағалау, жедел жәрдем қызметін шақыру тәртібі, қан кету, күйік алу, жарақаттану және есінен тану жағдайларында көрсетілетін алғашқы көмектің негізгі қағидаларын түсіндірді.

Іс-шара барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар тәжірибелік сабақтарға да қатысты. Қазақстан Республикасының Қызыл Ай Қоғамының маманы арнайы манекеннің көмегімен жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу тәсілдерін көрсетіп, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Практикалық бөлімде адамның тыныс алуын тексеру, жүрекке жанама массаж жасау, қауіпсіз қалыпқа келтіру әдістері және шұғыл жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары көрсетілді.

Студенттер тәжірибелік жаттығуларға белсенді қатысып, мамандардың нұсқауымен алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибелік жұмыстар жастардың алған білімдерін бекітіп қана қоймай, төтенше жағдайларда өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал етті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайларда қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде құнды ақпарат алды.

Сонымен қатар іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелері де қарастырылды. Спикерлер қауіп-қатердің алдын алу шаралары туралы түсіндіріп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Qauipsiz Qadam» жобасы жастардың өмірлік маңызды білім мен дағдыларды меңгеруіне бағытталған маңызды бастама ретінде жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жаңа білім алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болды. Осындай кездесулер жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, кез келген төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын жауапты азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Ұқсас жазбалар

Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында «Ой шебері» зияткерлік ойын өтті»

Жамбыл облысында «Қарттарға қуаныш сыйла» акциясы өтті

«Ай астындағы тұмса жыр» атты поэтикалық кеші өтті