Пікірсайыс алаңында қатысушылар жастар арасындағы достық, мәдениетаралық қарым-қатынас және қоғамдық диалог мәселелері бойынша ойларын ортаға салып, өз ұстанымдарын дәлелдермен қорғады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – түрлі этнос жастары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, қоғамдық мәселелерді бірлесіп талқылауға ынталандыру және пікір алмасу мәдениетін дамыту болды. Турнир жастардың сыни ойлау, көпшілік алдында сөйлеу, қарсы тарапты тыңдау және командамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Турнир барысында «Бұл палата жастар арасындағы достықты нығайту үшін бірлескен қоғамдық жобаларға басымдық беруді қолдайды» қарары талқыланды. Қатысушылар волонтерлік, спорттық және шығармашылық бастамалардың жастарды ортақ мақсатқа біріктірудегі рөлін қарастырды. Тараптар бірлескен жобалар адамдардың бір-бірін жақынырақ тануына, өзара сенім қалыптастыруына және қоғам өміріне белсенді араласуына қалай ықпал ететіні жөнінде пікір білдірді.
Сонымен қатар «Бұл палата қазақ тіліндегі ортақ қарым-қатынас алаңдарын көбейтуді қолдайды» қарары аясында қазақ тілінің жастарды біріктіретін ортақ байланыс құралы ретіндегі маңызы сөз болды. Пікірсайыста тілдік клубтар, зияткерлік ойындар мен ашық кездесулердің тілдік тәжірибені арттыруға және түрлі этнос жастарының еркін араласуына беретін мүмкіндіктері талқыланды.
«Бұл палата әлеуметтік желіде пікір білдіру мәдениетін дамытуға басымдық беру қажет деп есептейді»қарары бойынша қатысушылар цифрлық ортадағы жауапкершілік мәселесіне назар аударды. Ақпараттың дұрыстығын тексеру, стереотиптерге сын көзбен қарау, өз пікірін әдеппен жеткізу және келіспеген жағдайда да өзара құрметті сақтау қажеттігі айтылды.
Пікірсайыс барысында түрлі көзқарастағы жастарды біріктіретін құндылықтар, мәдени ерекшеліктерге құрмет қалыптастыру жолдары және пікір қайшылығын жанжалға жеткізбей шешу тәсілдері қарастырылды. Талқылауда ортақ іске қатысудың, бір-бірін тыңдаудың және өзгенің көзқарасын түсінуге ұмтылудың маңызы атап өтілді. Қатысушылар қарсы пікірге дәлелмен жауап беру арқылы мәселені әр қырынан бағалауға мүмкіндік алды.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды өзбек этносының өкілі Орынхан Нурдаулет бастаған топ, ІІ орынды дүнген этносының өкілі Нуров Сардар бастаған топ, ІІІ орынды дүнген этносының өкілі Абдулаева Фатима бастаған топ иеленді.
«Ортақ ой – ортақ болашақ» дебат турнирі жастардың қоғамдық мәселелерге саналы көзқарасын қалыптастыруға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және достық байланыстарын нығайтуға бағытталған зияткерлік кездесу ретінде өтті. Шара қатысушыларға өз ойын еркін жеткізуге, түрлі пікірге құрметпен қарауға және өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.
