«Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы» КММ-нің әлеуметтік тапсырысы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ-ның ұйымдастыруымен 27 қыркүйек күні сағат 09:00-де Қордай ауданы, «Қордай ауылшаруашылық» колледжінде «Адалдық – ардың ісі» атты жастармен кездесу өтті. Кездесуге «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін Қайырбекұлы, Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының орынбасары Исраилова Айканыш Болатбековна және колледж студенттері қатысты.
Кездесудің мақсаты – жастарға жақсылық ойлау, ондағы адалдық, әділдік, шыншылдық сияқты адами құндылықтардың алтын орны, олардың адамдар үшін маңызы жайлы, адалдық пен шыншылдыққа, әділдікке бағдарлай отырып, әдептілік ережелерін қадағалауды үйрету.
Кездесудің модераторы Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының орынбасары Исраилова Айканыш Болатбековна шараны бастап адалдықтың не екенін түсіндіріп, адам бойында болу керек қасиеттерді, адалдық, шыншылдық, әділдіктің ең керек қасиеттер екенін айтып өтті. Қазіргі кезде осы қасеттерді жоғалтпау керектігімен өз сөзін аяқтады.
Өз кезегінде «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін Қайырбекұлы – «Адалдық – ардың ісі дейтін болсақ, ауылдың қара жолында шаңғытып ойнап өскен бала қанша елді аралап, қанша жердің дәмін татса да, туған топырағының бақалы көлі мен балдырғанды жеріне адалдығын еш өзгертпек емес. Негізі, адам баласы өзі жаратылған топырақпен тамырлас. Қаншама академик-профессорлардан алған сан-салалы білімнің шетін ұстап жүрсең де, туған жеріңнің аты аталса, құлағыңды тосып елеңдей қаласың. Тіпті «Әр бақа өз көлшігін мақтайды» дегендей, дәл сенің ауылың, дәл сенің ауылыңның адамдары басқаларға ұқсамайтынын айтып, көңілің алабұртып, көзің ойнап шыға келесің. Бұл – туған жердің, балалық бақыттың құдіреті. Кейіннен ел тізгінін ұстап, мақтаулы маман, атпал азамат болған жандардың өз ауылын ұмытпай, тіршілігіне араласып отырғанын көргенде, осы құдіреттің жүрек түкпірінен өшпегеніне куә боласың. Өзім білетін сондай бір азаматтың өмір жолы туралы жазылған Қайнар Олжайдың «Қара нары қазақтың – Ұзақбай Қараманов» атты кітабын оқи отырып, осындай толғанысты басымнан кешірдім» — дей отырып, осы кітапты оқуға кеңес берді.
Кездесудің соңында жастармен сұрақ-жауап болып, жастар естелікке суретке түсті. Іс-шараға 20-дан астам жастар қатысты. Шараның ақпараты әлеуметтік желілерде жарияланды.