«Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» КММ-нің әлеуметтік тапсырысы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен 24-ші маусым күні сағат 15:00-де аудандық мәдениет үйінде Жаңатас тұрғындары дінтанушы Нұрлан Байжігітұлымен кездесті.
«Дәстүрлі дінімізді насихаттау» атты кездесу-семинарына Сарысу ауданы мәслихатының депутаты Бауыржан Балғабай модераторлық етті.
Ал спикер Нұрлан Байжігітұлы дін, психология, тәрбие тұрғысынан тұшымды ойларын ортаға салды. Тұрғындар тарапынан түйткілді мәселелер төңірегінде пікір алмасулар жүзеге асып, көкейдегі сауалдар қойылды.
Нұрлан имам жастар арасында TikTok желісі арқылы танылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген имам. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бүгінде ел аузында. Ол жастардың санасын жақсы жаққа бұру мақсатында әлеуметтік желілерге, оның ішінде TikTok-қа тіркелуіне қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болған екендігін әлеуметтік желілерде жасырмай айтып та жүр.
— Біз Аллаға аузымыздан шыққан сөзбен емес, жүректен шыққан сөзімізбен, шынайы әрекеттерімізбен ғана жақын бола аламыз. Сіз бен бізге берілген ұлы қасиет ол сөйлеген сөзіңе ие болу, артық сөйлемеу. Мұсылманның ең жақсысы – қолымен немесе тілімен ешкімге зиян келтірмегендері. «Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді, тілді талдап қимылдатуды үйреткен. Бұл қасиет дәстүрге, шариғат шартына байланады. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан”, – деді Нұрлан имам.
Нұрлан имам – “Оның адамдармен қарым-қатынаста жұмсақтығы соншалықты, жүзінен нұр, жүрегінен жылу төгіліп тұратындықтан әрбір сахаба Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін адамы мен шығармын деп ойлайтын болған. Бір сахабаға: «Сенде Алла сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақтығың мен ықтияттылығың» деген екен”.
Имам Ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын жол екендігін және ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Өз кезегінде адамгершілік қағидаларға негізделген хақ дініміз бен біздің ата-дәстүрлеріміз сабақтасып жатқандығын білдірді. Сондай-ақ, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.
Аудан тұрғындары арасында дәстүрлі дінімізді ұлықтай отырып, қазақтың ата салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау және деструктивті алдын алу мақсатына негізделген іс-шара ашық микрофон форматында өтті.
Іс-шара мақсатына сәйкес, спикер мен аудитория арасында еркін байланыс орнап, кездесу мазмұны арта түсті.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін Қайырбекұлы, 200-ге жуық аудан тұрғындары және ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.