Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығының” әлеуметтік тапсырысы аясында “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен 9 шілде күні сағат 20:00 де Тараз қаласы “Мамыр” саябағында “Ай астындағы тұмса жыр” поэтикалық кеші өтті. Іс-шараға, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі – Дастан Исламбек Дастанұлы, “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін Қайырбекұлы, “Жамбыл облысы Жастар мәслихаты” Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Намелбек Азамат Намелбекұлы, республикаға есімі белгілі ақын Нұржан Қадірәлі, «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық және жас ақындар Ғалия Абылай, Нұрболат Аманбек, Қайрат Илмурадов және тағы басқа қаламгерлер арнайы қатысты.
Кештің басты мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, поэзия мен көркем тілге деген сүйіспеншілігін ояту. Кеш барысында вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалып, «Мамыр» саябағы ерекше әуенге бөленді. Басқосуға қатысқан жас ақындар Тараздан шыққан ақын замандастары Файзулла Төлтай мен Нұрболат Жолдасбектердің де шығармашылығын ұмыт қалдырмай, өлеңдерін оқыды.
Кешті бастап берген Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі – Дастан Исламбек Дастанұлының айтуынша, ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғамның көрінісін ақын-жазушылардың шығармасынан көруге болады. Қазақтың сөз өнері ықылым замандардан қалыптасып, рухани негізімізге айналып, ұлт ретіндегі таным-түсініктен, болмыс-бітімнен, тұтастықтан еш уақытта ажырамай келді. Жыраулардың толғаулары, жыршылардың төкпесі, тіпті күйшілердің саусағынан төгілген күмбірлі күйдің өзінде ұлттық нәр, ұлттық бояу, ұлттық сарын мен ұлттық құндылық ажырамай, біртұтас, үндесіп тұрады.
Оның ойынша, қазақ халқының бір ерекшелігі оның ұлттық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі, ұлт ретіндегі салт-санасы, дүниетанымы, тіптен ойлау жүйесі, іс-әрекеті де бір-бірімен астасып, сабақтасып жатқандығында.
– Дәл қазір, ғаламтор желісі шарықтап жатқанда өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды ұмыттырмауымыз керек. Осыған орай ұлт ұйытқысы – тарихымыз сақталған қазақы болмысымызды жастарға жеткізіп, олардың санасына терең сіңдіруіміз керек. Тек солай ғана біз қазақ өнерін, тарихын, ұлттық идеологиямызды ұмытпай, тамырымыздан ажырамай жаңа қоғам құруға мүмкіндік туады, — деп түйіндеді “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті — Әбдиев Еркін.
Кеш барысында сөз алған республикаға есімі белгілі ақын Нұржан Қадірәлі : «Поэзия тақырыбы – ешқашан таусылмайтын, еш шекарасы жоқ, ештеңемен шектелмейтін күрделі тақырып екеніне көзіміз жете түсті. Поэзияның қасиеті мен киесін көрсетудің жақсы бір жолы – әдеби конкурстар арқылы дәріптеу екені белгілі. Сол арқылы ел арасынан қаншама мықты жас таланттар жарыққа шықты», — деп атап өтті.
Поэзиялық кеш барасында Намелбек Азамат, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық, Ғалия Абылай, Нұрболат Аманбек, Қайрат Илмурадов әсерлі кешке елітіп өздерінің бұрын соңды оқырманға ұсынбаған өлеңдерін оқып, көпшілікті тәнті етті. Өзге де ақындар өлеңдерін оқып, әншілер гитарамен әнмен шашу шашты.
Кешті қорытындылай келе, жобаның бас үйлестірушісі Еркін Әбдиев жас ақындарды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын шаралар легі мұнымен тоқтамайтынын, алда түрлі іс-шаралар легі күтіп тұрғанын жеткізді.
Өз кезегінде ақындар да ұйымдастырушыларға ғажап көңіл-күй сыйлағаны үшін алғыстарын жеткізді.