Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығының” әлеуметтік тапсырысы аясында “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы” Заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен шаһардағы жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында “Әдебиетті таны” тақырыбында танымдық кеш өтті.
Іс-шараға қалалық “Жастар ресурстық орталығының” директоры Абзал Есіркепов, орынбасар Тұрлыхан Камалов, аталмыш жобаның координаторы Еркін Әбдиев, облыстық “Ақжол” газетінің аға тілшісі Нұржан Қадірәлі және өңірге белгілі өзде де жас қаламгерлер қатысты.
Басқосу барысында шаһардағы әдеби ахуалға жастардың ықпалы, олардың өзара шығармашылық байланысы кеңінен сөз болды. Қатысушы қаламгерлер аталған әлеуметтік тапсырыс аясында тек әдеби ортадағы қаламгерлердің ғана емес, қаладағы мектеп оқушылары мен студенттер арасынан да жаңа есімдердің қалыптасуына атсалысу керектігі айтылды.
— Біз жыл сайын жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында шаһарда түрлі жобалар мен шаралар өткіземіз. Көпшілігінде жақсы нәтижелерге жетіп жүрміз. Биыл енді жас қаламгерлерге ерекше назар аударып, жаңа есімдерді анықтап, Тараздың ақын-жазушыларының қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте сіздердің тікелей атсалысуларыңызбен мақсатымыз артығымен орындалады деп сенемін, — деді орталық директоры Абзал Есіркепов.
Өз кезегінде жас қаламгерлер орталық басшысының ұсынысын құп көтеретіндерін, бұл жүкті жұмыла көтеріп, қалада әдебиетті сүйетін және онымен мақсатты түрде айналысатын жастардың шоғырын қалыптастыруға күш салатындарын баса айтты.